АЛМАТЫ, 1 қазан - Sputnik. Екібастұзда екі жасөспірімді аяусыз соққыға жыққан. Жәбірленушілердің бірі жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқиға 29 қыркүйекте болған.
"Екібастұз қаласындағы колледждің 2 кәмелетке толмаған студенті түрлі жарақаттармен қалалық ауруханаға жеткізілді. Болған оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтайды, тергеу іс-шаралары жүргізіледі", - дейді білім басқармасы.
Дәрігерлер науқастардың жағдайы ауыр дейді.
"Беттерінде жарақат көп. Жағдайлары тұрақты ауыр. Бір науқас жансақтау бөлімінде, ал екінші науқас травмотология бөліміне жатқызылды", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
"Екі кәмелетке толмағанның денсаулығына қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді", - дейді облыстық полиция департаменті.