Тоқаев: Қазір Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды

Мемлекет басшысы "Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік" атты конференцияда сөз сөйледі
Sputnik
АСТАНА, 30 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік" конференциясында Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достық байланыстарды нығайтуда білім саласының маңызы зор екенін атап өтті, деп хабарлады Ақорда.
Президенттің айтуынша, қазір Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды.
"Бүгінде елімізде Ресейдің танымал жоғары оқу орындарының филиалдары табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстанда Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын ашу жоспарланып отыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Пленарлық отырыста Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский конференция қатысушыларына Владимир Путиннің сәлемін жеткізді.
Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры Анатолий Торкунов оқу орнының 80 жылдығына орай осынау іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Қазақстан тарапына алғыс айтты.
"Біз конференция тақырыбын кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Мұның аясында экономика және қауіпсіздік саласындағы көпжақты ынтымақтастықтың дәстүрлі мәселелері климаттық күн тәртібіндегі жаңа сын-қатерлермен, сондай-ақ Еуразия кеңістігінде энергетика және көлік инфрақұрылымын дамытудың жай-жапсарымен бірге қаралды", – деді Анатолий Торкунов.
Жиынға Қазақстан мен Ресейдің көрнекті ғалымдары, дипломатиялық қызмет ардагерлері, мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшылары, саясаттанушылар және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.