АЛМАТЫ, 29 қыркүйек – Sputnik. Түркістан қаласында тұрмыстық жанжал кезінде жергілікті тұрғын оқ жарақатын алды, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Оқиға бойынша Түркістан облысының полициясы қылмыстық іс қозғады.
"Қару қолданған күдіктінің жеке басы анықталды, қазіргі уақытта оны ұстау және оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша қажетті жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Айта кетері, оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Ақпаратта қарулы жанжалға спорт мекемесі мамандарының қатысы болуы мүмкін делінген.
"Спорт мекемесінің өкілдерінің жанжалға қатысы бар деген мәлімет шындыққа жанаспайды. Барша азаматты тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз", - дейді полиция департаменті.