АЛМАТЫ, 28 қыркүйек - Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Талшық ауылындағы мектепте мұғалімдер бұрыш баллонын шашқан, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Оқиға 27 қыркүйекте болған, олар бұл әрекеттерін мектеп фойесінде жасаған.
"Талшық ауылындағы мектепте оқушылар есінен танып құлап жатқаны және дәлізде өткір иіс шығып тұрғаны туралы полицияға хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына барған жедел-тергеу тобының қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторы мектептен оқушыларды, ұстаздар мен жұмысшыларды эвакуациялады", - дейді ведомство.
Полиция мектепке кіріп оқиғаны тексерген.
"Мектептің екі мұғалімі бұрыш баллонын қарамақ болған. Олардың біреуі мұның салдары қандай болуы мүмкін екенін ойламастан, баллонның ішіндегін шашып жіберген. Нәтижесінде қауіпті иіс ауамен тарап кеткен", - дейді полиция.
Оқиғаның салдарынан аудандық ауруханаға 11 мен 9 жастағы екі оқушы, сондай-ақ 53 жастағы әйел жүгінді. Оларға медициналық көмек көрсетілген соң үйлеріне жіберілді. Бұрыш баллонын шашқан мұғалімдер әкімшілік жауапқа тартылды.