Оралда құны бір млрд теңге болатын заңсыз темекі өнімдері тәркіленді

Сот шешімімен алынған барлық тауар жойылды
Sputnik
АЛМАТЫ, 28 қыркүйек - Sputnik. Оралда құқық қорғау органдары 1,6 миллион қорап заңсыз темекі өнімдерін тапты, деп хабарлайды "Мой город" порталы.
БҚО бойынша экономикалық тергеу департаментінің басшысы Асылбек Дүйсенов өңірлік коммуникация қызметі брифингінде соңғы үш жылда 100-ден астам экономикалық қылмыстық құқық бұзушылық фактісі тергелгенін, оның ішінде 14 қылмыстық іс заңсыз кәсіпкерлік фактілері бойынша болғанын айтты.
"Облыстың төрт тұрғыны заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан. Олар әртүрлі маркалы акцизделетін темекілерді тасымалдау, сақтау және сатумен айналысқан. Олардан 967 миллион теңгеге 1,6 миллионнан астам қорап темекі өнімдері табылды", - дейді Асылбек Дүйсенов.
Орал қалалық соты оларды заңсыз кәсіпкерлікке және акцизделетін тауарларды таңбалау тәртібі мен ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп тапты. Сот барлығына бір жылға бас бостандығын шектеу және 1000 АЕК немесе үш миллион теңгеден астам айыппұл түрінде жаза тағайындады. Сот шешімімен алынған барлық тауар жойылды.