Астанада Мұхтар Әуезовтің ескерткіші ашылды

Ескерткіш Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының алдында орнатылды
Sputnik
АСТАНА, 28 қыркүйек – Sputnik. Елордада ұлы жазушы, драматург және ғалым Мұхтар Әуезовке арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ескерткішті мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин және жазушының туысы Диар Қонаев ашты.
Астанада Мұхтар Әуезовке арналған ескерткіш ашылды
Қарин мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
"Мұхтар Әуезов – ұлт руханиятында айрықша орны бар ұлы жазушы. Ол шығармаларында халқымыздың бітім-болмысы мен тыныс-тіршілігін шебер суреттеді. Қаламгердің теңдессіз туындыларынан ана тіліміздің байлығы мен төл өркениетіміздің тереңдігі айқын көрінеді. Шын мәнінде, жұртымыздың жан дүниесін білгісі келген адам ең алдымен Әуезовті оқуы керек", – делінген президенттің құттықтау хатында.
Сонымен қатар іс-шараға зиялы қауым өкілдері, жазушылар, мәдениет саласының қайраткерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары және Мұхтар Әуезовтің туыстары қатысты.
Мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов жасаған сәулет өнерінің туындысы Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының алдында орнатылды.