Кассада және сөреде баға екі түрлі болып шықты: ірі сауда желісіне айыппұл салынды

Sputnik
АСТАНА, 27 қыркүйек – Sputnik. Павлодарда ірі сауда желісіне айыппұл салынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сауда комитетіне сілтеме жасап.
Қала тұрғыны сол сауда желісінен сұлы жармасын сатып алған. Сөредегі бағасы 195 теңге болып тұрған, ал кассада 405 теңгенің түбіртегі шықты. Осылайша, тауар сөредегі бағадан 210 теңгеге қымбат сатылған. Ер адам бірден тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне шағым түсірді. Соның негізінде ірі сауда желісінде жоспардан тыс тексеріс жүргізілді.
Тексерістің нәтижесінде сауда желісіне 100 АЕК (369 000 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Кәсіпкер оны 50 проценттік жеңілдікпен төлеп берді.
Айта кетері, заң бойынша тауар сауда объектісінің ішкі және сыртқы витриналарында қойылған бағамен сатылуы шарт.