Дәрігерлер күйзеліске ұшырағандар саны артып бара жатқанын айтты

Sputnik
АЛМАТЫ, 27 қыркүйек – Sputnik. Енжарлық, өмір сүруге құштарлықтың болмауы, ұйқысыздық, ашуланшақтық.
Алматыдағы психикалық сауықтыру орталығының мамандары Sputnik Қазақстан тілшісіне қоғамда депрессия дерті деңдеп бара жатқанын және оның себептері туралы айтты.
Күйзеліске әкелетін фаткор көп: жағымсыз эмоция, организмнің әлсіздігі, шамадан тыс жұмыс, дейді 17 жылдық еңбек өтілі бар орталықтың дәрігер-психиатры Үміт Бастасова.

Депрессиға түсетіндер саны артты

Жүйкесі сыр беріп, аурухана төсегіне таңылатындар саны көбейген.
"Күйзеліске түскен адамдардың саны 2020 жылдан бері 25%-ке көбейді. Бұны пандемиямен, геосаяси жағдайлармен және экономикалық мәселелермен көп байланыстырады. Адамдардың бәрінің басында несие бар, соның да әсері де бар. Бұл туралы денсаулық сақтау ұйымы да айтады", - дейді дәрігер-психиатр.
Бір ғана бөлімшеге күніне 5 адам келеді.
"Мен өз тәжірибемде тек стационарда жұмыс істедім. Науқастар бізге күнделікті түседі, келмейтін кездер өте сирек. Бір бөлімшеге күніне 5 адам түседі, ойлаңыз біздікі сияқты 8 бөлімше бар", - дейді Үміт Бастасова.
Мамандардың айтуынша, таза ауа, салауатты өмір салты, уақытында ұйықтап, уақытында тұру, бұның бәрі дұрыс болмаса адам денсаулығына кері әсер етеді. Бұнымен қоса ғаламтор желісі тағы бар.
"Гаджеттер арқылы көп негатив ақпарат аламыз. Көңіл күйді, ұйқыны бұзады. Егер депрессия байқалса оны асқындырмай тездетіп дәрігерге бару керек. Негізі депрессияға түсетін адамдар жасарып барады. Әсіресе жасөспірімдер арасында күйзеліске түсетіндер көбейді", - дейді Алматыдағы психикалық сауықтыру орталығының дәрігер-психиатры Үміт Бастасова.

"Өмір сүргім келмейді"

Бұл орталықта республикалық дағдарыс жағдайындағы сенім телефоны жұмыс істейді.
"Жалпы бізге хабарласқан барлық адамды мазалайтын өмір сүруге деген құштарлықтың жоқтығы. Отбасының проблемасы, жігітім тастап кетті, қызым қарамай кетті, өмір сүргім келмейді деген сияқты қоңыраулар өте жиі түседі. Мысалы, 6 жыл бұрын қоңырау аз еді. Ол кездері де осындай сипаттағы қоңыраулар түсетін, бірақ қазір проблемалардың мазмұндары күрделеніп кетті. Күйзеліске түсіп қоңырау шалатындар көбейді, сонымен қоса олардың проблемасы да күрделі болып барады", - дейді сенім телефоны қызметінің психологы Меруерт Шаихова.
Алматыдағы психикалық сауықтыру орталығы
Психологтың айтуынша, депрессия бірден қалыптаспайды, ол жылдар бойы пайда болады.
"Міне сізге сұхбат берер алдында санаулы минуттарда көмек сұрап екі адам хабарласты. Хабарласатындардың көпшілігі 18-19-20 жас аралығындағы жастар, айтатындары сол "шаршадым, өмір сүргім келмейді". Менің ойымша жалпы 25-35 жастағы адамдар депрессияға көп түседі. 40 жастан асқанда ғана біртіндеп тыныштала бастайды", - дейді Меруерт Шаихова.

Аниме көріп өмірден түңілген

Жанына сауға сұрап сенім телефонына хабарласқандардың барлығына ақылын айтып, ауызша емін жүргізіп жүрген бұл қызметте мамандар аптасына 24 сағат жұмыс істейді.
"Негізі әлеуметтік желі өте көп әсер етеді. Бір мысал келтірейін, бізге бір жас жігіт өлемін, шаршадым деп хабарласты. Сөйлесе келе аниме көретінін білдік. Осындай үш жағдай тіркелді. Ал бір жігіт "осы анимені көргеннен кейін менде қорқыныш пайда болды. Сол анимеден кейін бәрі бітті, өлуім керек сияқты күй кештім" дейді. Ол кісі анимені жата-жастанып та көрмеген, анда-санда бір көретін болған, соның өзіне осындай депрессияға түскен", - дейді сенім телефоны қызметінің психологы.
Алматыдағы психикалық сауықтыру орталығы
Бірінші санатты дәрігер психиатр Айжан Машуева 24 жыл бойы адамның жүйке-жүйесін емдеп, дертіне шипа болып жүр.
"24 жыл бұрын қоғам өте тыныш еді. Мен поликлиникада да қызмет еттім. 2000 жылдар ауруханада да, емханада да жағдай тұрақты, тыныш еді. Жұмыс та қауырт емес болатын. Науқастардың өзі жеңіл түрде ауыратын. 2000 жылдар мен қазіргі күнді салыстырсақ жүйке жүйесі ауыратындар да, депрессияға түскендер де көп. Сондай-ақ психиатрлық науқастардың ауру деңгейі де күрделеніп кетті. Бұл ауру жасарып бара жатыр. Депрессияның бұрыңғы уақытта жеңілдеу түрі болатын, қазір ауырлап кетті. Психофармацевтикада да бұрын препараттар аз болатын, қазір түр-түрі бар, көбейіп кетті. Бұрын мысалы депрессияға түскен адамдармен сөйлесу арқылы-ақ ем жүргізуге болатын, қазір дәрімен де оңайлықпен емделмейді", - дейді Алматыдағы психикалық сауықтыру орталығы күндізгі стационар бөлімінің меңгерушісі Айжан Машуева.
Бірінші санатты дәрігер көп жағдай отбасына, әсіресе әйел адамға байланысты екенін айтады. Отбасында қарым-қатынасты нығайтып, балаларға деген бақылауды күшейту қажет. Гаджет дегенге шектеу қою керек, дейді ол.
"Мысалы бұрын балалар бөлімінде 2-3 дәрігер бәріне үлгеретін, қазір 5-6 дәрігердің өзі үлгермейді. Телефонға да тыным жоқ, жұмыс да қауырт боп кетті. Үлкендер ғана емес, балалар және жасөспірімдердің де депрессияға шалдығуы көбейіп барады", - дейді дәрігер-психиатр Айжан Машуева.