Шымкентте қосалқы электр станциясының құрылысы 5 жылдан бері бітпей тұр

Құрылыс 2019 жылы басталған
Sputnik
АЛМАТЫ, 26 қыркүйек - Sputnik. Шымкентте "Ақжар" қосалқы станциясының құрылысы 5 жылдан бері бітпей тұр, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Құрылыс 2019 жылы басталған.
Алдымен мердігерлер кабельдік желіні төсеу кезінде қиындық туындаған. Өйткені кабельдер жеке учаскелер арқылы өткен. Сол себепті жеке меншіктен жерді сатып алу процесі кешіктірілді. Өткен жылы кабельдің бір бөлігі мүлдем ұрланған.
"Кабельдер 4 учаскенің үстінен өтеді. Учаске иелерінің бірі біз ұсынған нарықтық сомаға келіспеді. Сондықтан құрылыс ұзаққа созылды. Бізге екі есе көп төлеуге тура келді. Бұл төрт учаске бос, үйлер жоқ. Біз қазір төртеуін сот арқылы мемлекеттік меншікке алып, енді кабель тарта бастадық", - дейді Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы Манас Тынышбек.
Өткен жылы 7,5 шақырым кабель ұрланып, тағы 2 шақырым жарамсыз болып қалған. Ұрылар ұсталды. Шығын – шамамен 900 миллион теңге.
"Ұрылар залалды қалпына келтіре алмады және қазір біздің компания өз есебінен бұл шығынды жойып жатыр. Біз Ресейден кабельді жеткізуге 10 қарашада тапсырыс бердік", - дейді мердігер компания учаскесінің бастығы Жасұлан Раушанбек.
Бұл ретте "Ақжар" қосалқы станциясының өзі пайдалануға дайын, ішінде барлық электр жабдықтары бар. Қосалқы станция екі ірі кәсіпорынды және 4 мыңға жуық абонент тұратын жақын маңдағы шағын ауданды электр қуатымен қамтамасыз етуі керек еді. Қазір жергілікті тұрғындар электр энергиясының сапасына шағымдануда.
Әкімдік те және мердігер компания да "Ақжар" қосалқы станциясы осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп сендіреді.