АСТАНА, 25 қыркүйек – Sputnik. Жоғарғы сот мектепте орамал тағу мәселесіне нүкте қойды. Бұл туралы құқық қорғаушы Жаслан Айтмағанбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін оқу-ағарту министрі мектепке тек формамен келу керектігін айтқан. Себебі оқушылардың бірыңғай формасына қатысты нақты бұйрық бар. Соның салдарынан былтыр орамал тағатын жүздеген бала мектепке бармай қойды. Осыдан кейін бір топ құқық қорғаушы осы шектеудің заңсыз екенін дәлелдеуге кірісті.
"Жоғарғы сот мұндай шектеулер балалардың білім алу құқығын бұзады деген шешім шығарды", - деп жазды адвокат Жаслан Айтмағанбетов өзінің парақшасында.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметі осы ақпаратты растады.
"Шешім қабылданды. Қаулы 10 жұмыс күні ішінде шығарылады", - деді баспасөз қызметі.
Айта кетері, мүфтият осы мәселеге қатысты өз ұстанымын жариялаған болатын. Бас мүфти де баланың құқығын шектеуге болмайтынын айтқан.