БАӘ Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға инвестиция салуды жалғастырады

Мемлекет 40 елге 20 миллиард доллардан астам инвестиция салуды көздеп отыр
Sputnik
АЛМАТЫ, 25 қыркүйек – Sputnik. Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанмен 1 ГВт "Жасыл" энергия өндіру бойынша жұмыс істейді. Бұл туралы БАӘ энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл Мохамед әл Мазруи Алматыда өткен KIOGE конференциясында айтты.
БАӘ министрі өз сөзінде мұнай мен газ және мұнай-газ секторына инвестициялар болашақта энергияның неғұрлым таза түріне біркелкі көшу үшін қажет екенін айтты. Ресурстың жеткілікті көлемі болмаса, ауысу мүмкін емес. Оның мәліметі бойынша БАӘ ЖЭК (жаңартылатын энергия) дамыту саласында 48 елмен жұмыс істейді.
"Бүгінгі таңда біз осы бағытты дамытуға 40 елде 20 млрд доллардан астам инвестиция салуды көздеп отырмыз. Біз Қазақстанмен кем дегенде 1 ГВт жасыл энергия өндіру бойынша жұмыс істеп жатқанымызға қуаныштымыз", — деді Сухейл Мохамед әл Мазруи.
Энергетика және инфрақұрылым министрінің мәліметі бойынша бүгінде БАӘ-де энергияның шамамен 28%-і "жасыл" көздерден алынады. Бұл 4 атом электр станциясы, сонымен қатар 6 ГВт жаңартылатын энергия.
"Бұл сандар үш есеге артады және 2030 жылға қарай күн энергиясын өндіру әлеуеті 14 ГВт-тан асады", - деді Аль Мазруи.
Оның айтуынша, БАӘ стратегияны қабылдап, таза энергия көздерін өндіруді кеңейтіп жатыр.
"Біз сондай-ақ Каспийде ғана емес, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы энергоресурстарды үздіксіз жеткізу үшін инфрақұрылымды пайдалануда логистикалық тізбектерді ұйымдастыруда да Қазақстанмен ынтымақтастық құрғанымызға қуаныштымыз. Біз мұнай мен газ өндіруде ғана емес, ЖЭК-те, әсіресе Қазақстанда табысты қамтамасыз еткіміз келеді", - деп түйіндеді ол.
2023 жылғы желтоқсанда Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері Жетісу облысында жел электр станциясының жобасын іске асыру туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. 1 ГВт жел электр станциясы Жоңғар қақпасына орналастырылады. Құрылыс 2025 жылы басталады. Бұл нысанға 1,8 млрд доллард инвестиция салынады деген болжам бар.