АЛМАТЫ, 24 қыркүйек – Sputnik. Биыл жыл басынан бері 12 325 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 140,7 мың этникалық қазақ оралған.
Биыл Қазақтанға қоныс аударған қандастардың 45% Қытайдан, 39,2%-і Өзбекстаннан келген.
"Олардың 58,2%-і еңбекке қабілетті жаста. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,8%-і жоғары білімді, 24,2%-і орта кәсіби білімді, 54,1%-і жалпы орта білімді, ал 3,6%-інің білімі жоқ", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Атажұртқа оралған этникалық қазақтар Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстанды.