АСТАНА, 24 қыркүйек – Sputnik. Үкіметте су тасқынынан кейін салынғанын жаңа баспананың саны жариялады. Бүгінде екі облыста әлі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 3,5-4 айда үлгілік жобалар бойынша 2 576 үй салынды. Бұдан бөлек, көпқабатты үйлерден 5767 пәтер сатып алынды.
"Бұл жұмыс Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында толығымен аяқталды. Бүгінгі таңда Ақмола облысында 38 және Батыс Қазақстан облысында 28 үйдің құрылысы аяқталуда. Тапсыру мерзімі – 1 қазан", - деді Бозымбаев.
Ал Сырым ауданында жер асты суларының көтерілуі салдарынан 38 саман үй жарамсыз болып қалды. Бұл факт тамыз айының соңында анықталды. Осыған байланысты 15 қазанға дейін қосымша үй салуға шешім қабылданды.
Айта кетері, Тоқаев биылғы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жаңа үйлерді бес айдың ішінде салып беруге тапсырған.