АСТАНА, 24 қыркүйек – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары жатыр мойны обырынан өмір бойы қорғайтын екпенің төңірегіндегі стереотиптер мен алаңдаушылыққа негіз жоқ деп мәлімдеді.
ДСМ "Ұлттық денсаулық сақтау орталығы" ШЖҚ РМК төрағасының орынбасары Манар Смағұлдың айтуынша вакцинаның заманауи құрамы адам папилломасы вирусына қарсы тұрақты иммунитеттің қалыптасуына ықпал етеді.
"Вакцинада тірі вирус, тіпті оның ДНҚ-сы жоқ. Сондықтан ол қауіпсіз деп саналады, жұқтыруға еш себеп жоқ. Бұл қазіргі заманғы вакциналар, жанама әсерлері жоқ деп айтуға болады", - деп атап өтті спикер ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында.
Астана қаласының "Көпбейінді медициналық орталық" ШЖҚ МКК директоры Мұхтар Төлеутаев жатыр мойны обырының, әсіресе, жас қыздардың ағзасындағы агрессивтілігі туралы айтты.
Сарапшының пікірінше, вакциналау, сондай-ақ уақытылы скрининг, профилактикалық физикалық тексеру және кеңес беру онкологияның соңғы сатыларының алдын алудың ең жақсы әдісі болып саналады.