Барлық мектепте ата-аналар жиналысы өтеді

Sputnik
АСТАНА, 23 қыркүйек – Sputnik. 23-27 қыркүйек аралығында еліміздің барлық мектебінде балалардың қауіпсіздігіне арналған ата-аналар жиналысы өтеді, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі
Жиналыста ата-аналардың бала өміріндегі, сондай-ақ онлайн кеңістіктегі қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігі туралы сөз қозғалады.
"Ата-аналарға қауіп-қатерлерді дер кезінде қалай анықтау және оларды болдырмау үшін қандай шаралар қолдану керектігі туралы қадамдық ұсынымдар беріледі", - деп жазылған хабарламада.
Олардың негізгілерінің қатарында баланың мінез-құлқын бақылау, әлеуметтік желілердегі белсенділікті бақылау және мектептегі құрдастарымен қарым-қатынасы бар.
Бұдан бөлек, мамандар баламен тұрақты қарым-қатынас жасаудың, ашық диалог үшін сенімді орта құрудың және ата-аналардың баласының өміріне ұдайы қатысуының маңыздылығына назар аударды.
"Баламен ашық диалог құру, оның өміріне ұдайы қатысып отыру, цифрлық құрылғыларды бақылау және баламен қауіпсіздік тақырыбында әңгімелесу – бұл проблемалардың алдын алуға көмектесетін негізгі қадамдар. Ата-аналардың міндеті тек баланың жүріс-тұрысын бақылап қана қоймай, сонымен қатар өз баласымен оны әрқашан тыңдауға және көмектесуге дайын екенін білдіретін сенімді қарым-қатынас қалыптастыру", - деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарында апта сайын сынып сағаттары аясында "Қауіпсіздік сабақтары" өтіп жатыр, сабақ кезінде интернеттегі тәуекелден қорғану, өзін-өзі сақтау дағдыларын дамыту және түрлі қауіп-қатерлер жағдайында дұрыс әрекет ету тақырыптары қамтылуда.