АСТАНА, 23 қыркүйек – Sputnik. Елордада Мәңгілік ел даңғылында "Lexus" көлігімен жылдамдықты шамадан тыс асырып, жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндірген қала тұрғыны қамауға алынды, деп хабарлады Астана қаласы ПД баспасөз қызметі.
Тексеру барысында биылғы жылдың басынан бері жол жүру ережелерін бұзғаны үшін 27 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған 19 жастағы жас жігіт анықталды.
Сонымен қатар ол 12 тамызда жолдың қарсы жолағына шыққаны үшін алты ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімі бойынша ол 10 тәулікке қамауға алынды. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды", - деп жазылған хабарламада.