АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында босанғаннан кейін нәрестесін қорапқа салып, гаражда тастап кеткен 25 жастағы қыз қылмыстық жазаға тартылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл оқиға Ғабит Мүсірепов ауданында болған. 25 жастағы қыз аудандық аурухананың көмегіне жүгінген. Дәрігерлер оның босанғанын байқайды. Бірақ нәресте болмаған. Аурухана қызметкерлері бірден полицияға хабар берді.
Тәртіп сақшылары жаңа туған баланы гараждағы қораптан тауып алған. Нәрестені бірден ауруханаға жеткізеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, нәресте перинаталдық орталыққа жатқызылды. Ал анасы аудандық ауруханада жатыр, денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
"Нәрестенің жағдайы тұрақты. Дәрігерлер денсаулығын жіті бақылап отыр", - дейді басқарма мамандары.
Полицейлер Қылмыстық кодекстің 199-бабы (қауіпті жағдайда қалдыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады. Осы қылмыс үшін 100 есептiк көрсеткiшке (369 200 теңгеге) дейінгі айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, я болмаса, 120 сағатқа дейiнгі қоғамдық жұмыстар не 45 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы қарастырылған.