АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметов ісі бойынша мемлекетке қосымша 7 млрд теңге қайтарылды, деп хабарлады ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
"Қазіргі уақытта "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы А.И. Мырзахметовке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша мемлекет кірісіне 7 млрд теңге сомасында заңсыз алынған ақшалай қаражат аударылды", - делінген хабарламада.
Жыл басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аяқталған қылмыстық істер шеңберінде шамамен 195 млрд теңге қайтарды.
Соңғы 2,5 жылда, оның ішінде олигополиялар тарапынан Қазақстан халқына 1,09 трлн теңге қайтарылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осы бағыт бойынша жұмыс жалғасатынын және ерекше бақылауда болатынын атап өтті.