ЕАЭО БҰҰ Бас Ассамблеясында бақылаушы мәртебесін алуды жоспарлап отыр

Sputnik
АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. ЕАЭО БҰҰ Бас Ассамблеясында бақылаушы мәртебесін алуды жоспарлап отыр.
Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Ли Цзюньхуамен келіссөздер жүргізді.
Кездесу Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өтті. ЕАЭО мен БҰҰ арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша жан-жақты пікір алмасу болды.

"Біз бірлескен жұмысымызды ілгерілету үшін осы бағытта қажетті күш-жігерді жұмсауға дайынбыз. Бүгінгі келіссөздер диалогты нығайтуға және байланысты кеңейтуге көмектесетініне сенімдімін", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Бақытжан Сағынтаев ЕЭК тұрақты даму саласындағы БҰҰ күн тәртібіне ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Атап айтқанда, ЕАЭО туралы келісім және басқа да іргелі құжаттар БҰҰ-ның барлық 17 тұрақты даму мақсатын, сондай-ақ оларға қол жеткізу бойынша 169 негізгі міндеттің 108-ін қамтиды.
Өз кезегінде Ли Цзюньхуа ЕАЭО-ның аймақтық экономикалық интеграция үшін халықаралық ұйымдар арасында маңызды рөлін атап өтіп, бұл кездесу ЕЭК пен БҰҰ арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді.