Астанада экологиялық сенбілікке 5 мыңнан астам кәсіпкер атсалысты

Sputnik
АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. Кәсіпкерлік нысандарының 5 мыңнан астам өкілі "Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі" экоакциясы және Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) аясында басталған жалпықалалық сенбілікке шықты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кәсіпкерлік нысандардың өкілдері – шағын және орта бизнес субъектілері, кәсіпорындар, сауда орталықтары, №1 Индустриялық парк, салондар, кафелер, дүкендер, басқа да жеке компаниялар мен ұйымдар өз нысандарына іргелес аумақтарда тазалық орнатты.
"Алдағы уақытта да осындай іс-шараларды өткізіп, оған қатысатын боламыз. Жақсы іс жасау қашанда жақсы. Біз өз қаламызды өте жақсы көреміз және оның таза әрі әдемі болғанын қалаймыз", – деп атап өтті елордалық кәсіпкер, "Cominvest Group" зауытының директоры Дәурен Такеев.
Ол сондай-ақ кәсіпкерлерді көршілес аумақтарға да көңіл бөлуге және тазалауға, ал тұрғындарды сыртқа шығып, аулаларында тазалық орнатуға шақырды.
"Астананы бірге тазалық пен тәртіптің үлгісіне айналдырайық. Біз бұл қаланы жақсы көреміз және оны абаттандыруға үлес қоса алатынымызды мақтан тұтамыз. Бүгінгі сенбілікке шыққандардың бәріне алғыс айтамын", – деді "MFA International" кәсіпорнының директоры Нұрәлі Егенов.
Астанада экологиялық сенбілікке 5 мыңнан астам кәсіпкер атсалысты
Экоакция аясында қаланы, нөсер және арық кәріз желілерін санитарлық тазарту, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау және т.б., сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою және тағы басқа жұмыстар жасалады.
Экологиялық акция барысында бес ауданда 2 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды.
Естеріңізге сала кетейік, елордада Taza Astana жаңа әлеуметтік жобасы өтіп жатыр. Жоба құқықтық тәртіп, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау, көппәтерлі тұрғын үйлердің, үй жанындағы, кварталішілік және аула аумақтарының кірме жолдарының тазалығы мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге бағытталған.