Қазақ көкпаршылары Қырғызстанға бармайды – федерация себебін айтты

Sputnik
АСТАНА, 20 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның көкпар федерациясы Келісім кубогына бармау себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қырғызстанның көкбөрі федерациясы Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кейін қазақ көкпаршыларын Келісім кубогына шақырған. Оны 1 қарашада өз жерінде және көрерменсіз өткізетінін мәлімдеді. Ал Қазақстанның көкпар федерациясы осы шараға қатыса алмайтынын мәлімдеді.
"Көпшілік бұны 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалы бойынша қарымта кездесу деп ойлап отыр. Қырғызстан тарапы ашық тунирге қатысуға шақырырды. Ескере кететін жайт, бұл турнир біздің күнтізбелік жоспарымызда жоқ. Ол уақытқа өзіміздің өзге турнирлеріміз қойылған. Алдағы уақытта Қырғызстан тарапы көкпардан әлем чемпионаты немесе халықаралық турнирлерге шақырған жағдайда диалог жүргізуге әзір екенімізді жеткіземіз", - делінген ресми хабарламада.
Осы орайда федерация екі ел арасындағы қарымта кездесуді күтіп отырған халықтың көкпар спортына деген қызығушылықтың артқанын ерекше атап өтті.
"Бұл қуантарлық жағдай. Ұлттық ойынымыздың деңгейі бір саты көтерілгендігінің белгісі ретінде қабылдаймыз. Қазақстан көкпар федерациясы алдағы уақытта да көкпарды халықаралық деңгейде дамыту және тарату жолында бірлесіп жұмыс істеуге дайын", - дейді федерация өкілдері.
Ал көкпардан әрбір халықаралық турнир елдер арасындағы достықты нығайту мен ортақ мұраға деген құрметті көрсетуге тиіс. Сондықтан болашақта да көкпарға ынтымақ пен бірліктің нышаны ретінде қарау қажет.
Айта кетері, Астанадағы финалда Қазақстан құрамасы қырғыз көкпаршыларын 5:4 есебімен жеңді. Марапаттау кезінде көрші елдің спортшылары жүлделерін тағудан бас тартып, тұғырдан түсіп, кетіп қалды. Осылайша өз наразылықтарын білдірді. Артынан Қазақ көкпаршылары қырғыздармен болған кикілжіңнің себебін жариялады.
Ал бас бапкер Ақылбай Манкеев қырғыз командасына қарсы ойында болған жекпе-жектің мәселесін түсіндірді.
Қазақстан көкпаршылары Келісім кубогына бара ма – Ұлттық спорт орталығы жауап берді