Мейрамханалар қызмет көрсету ақысын бір жағдайда ғана ала алады – министрлік

Ал депозиттік жүйеге тыйым салынды
Sputnik
АСТАНА, 20 қыркүйек – Sputnik. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлермен кездесіп, мейрамханалар мен дәмханаларда келушілерге қызмет көрсеткені үшін 10 проценттік төлем алудың заңдылығын талқылады. Ал депозиттік жүйеге тыйым салынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Азаматтық кодекске сәйкес, қоғамдық тамақтану саласында ас мәзірін ұсыну жария оферта болып саналады. Демек, қызмет көрсету үшін ақы төлеу қажеттілігі туралы ақпарат ас мәзірінде көрсетілуі тиіс. Ал ондай ақпарат болмаса, төлемақы алу заңсыз болып саналады.
"Қазіргі кезде келушілерге қызмет көрсеткені үшін заңсыз ақы алуды болдырмау үшін ішкі сауда ережесіне өзгерістер енгізілді. Енді мейрамханалар қызмет көрсету ақысын тек мәзірде көрсетілген жағдайда ғана ала алады. Сондай-ақ, "депозиттік жүйеге" тыйым салатын ережелер айтылды. Келушілер үшін кіру тегін болып қалады, алайда қосымша қызметтер үшін, мысалы, VIP-кабина, караоке-кабина үшін ақы алуға болады", - делінген ресми хабарламада.
Кездесу кезінде министр Шаққалиев қызмет көрсету үшін ақы төлеу ережелерін нақтылаудың қажеттігін де жеткізді.