АСТАНА, 20 қыркүйек – Sputnik. Еліміздегі ең ұзын көпір жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл туралы Президент кеңесшісі, Баспасөз хатшысы Берік Уәли желідегі парақшасында жазды.
Айтуынша, осыдан тура 5 жыл бұрын, 19 қыркүйек күні Тоқаев үкімет пен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне Бұқтырма су қоймасына көпір салу үшін қаржы бөлуді тапсырған.
"Бұл көпір жергілікті тұрғындар үшін көптен күткен қуаныш, сүйіншілейтін үлкен жаңалық болайын деп тұр. Өйткені Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының Марқакөл, Күршім, Катонқарағай және Көкпекті аудандарының тұрғындары 50 жыл бойы жол азабын тартты. Жазғы уақытта паром арқылы, қыс мезгілінде мұз үстімен жүрді. Талай адамның суға кеткені де жасырын емес. Сондықтан бұл көпірді салудың маңызы жоғары еді. Бұл – еліміздегі ең ұзын көпір болмақ", - деп жазды Берік Уәли.
Екі жолақты автомобиль көпірінің жалпы ұзындығы 1316 метрді құрайды. Тәулігіне 80 мың көлікке дейін өткізе алады. Сонымен қатар жоба аясында ұзындығы 18,6 шақырым болатын көпірге қосылатын жаңа автожол құрылысы қарастырылған.
Еске сала кетейік, 2019 жылы 18 қыркүйекте "Egemen Qazaqstan" газетінде "Елу жыл бұрынғы ескі паром елді қашанғы әуреге түсіреді?" деген тақырыппен журналист Азамат Қасымның мақаласы жарияланған болатын. Осы мақала көпірдің салынуына арқау болған еді.