АСТАНА, 20 қыркүйек – Sputnik. Астанада LRT тіректерін орнату жұмыстары 100% аяқталды. Бұл туралы CTS (қала бойынша жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыратын компания) хабарлады.
Компанияның мәліметінше жеңіл рельсті көліктің (LRT) 22 шақырымдық эстакадалық жолында барлығы 799 тірек орнатылды. 2,5 мың жұмысшы жұмылдырылды.
"Оларды құю үшін 53,7 мың текше метр бетон және 42 мың тонна арматура жұмсалды. Тіректің төменгі бөлігінің ені – 2-2,4 метр, жоғарғы бөлігі – 6,8 метр, биіктігі – эстакада жолының өтетін жеріне байланысты 5-тен 18 метрге дейін, бір тіректің орташа салмағы – 200 тонна", - деп жазылған хабарламада.
Қазақстандық стандарт бойынша В45 класындағы, М600 маркалы бетон қолданылып жатыр. В45 класындағы бетон гидроэлектростанцияларды, бекініс құрылыстарын, бункерлерді, метрополитен, ауыр металлургия кәсіпорындарын, химиялық, ғарыштық, қорғаныс зауыттарын, атом энергетикасы объектілерін салуда қолданылады.