Ақтөбеде жұмысшы көз жұмды

Облыстық еңбек инспекциясының мәліметінше, жұмысшыға шахтада кен құлап кеткен
Sputnik
АЛМАТЫ, 20 қыркүйек - Sputnik. Ақтөбе мыс компаниясының аумағындағы кен байыту фабрикасында жұмысшы қайтыс болды, деп хабарлады "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС баспасөз қызметі.
Қайғылы оқиға 18 қыркүйекте сағат 23:15-те болған. Төтенше жағдай салдарынан бір жұмысшы көз жұмды.

"Оқиға орнында арнайы қызметтер жұмыс істеп жатыр, себеп-салдары анықталуда. Кәсіпорын тергеуге жан-жақты көмегін көрсетуде", - дейді ведомство.

Кәсіпорын басшылығы марқұмның отбасына материалдық көмек берілетінін айтты.
Ал облыстық еңбек инспекциясының мәліметінше, жұмысшыға шахтада кен құлап кеткен. Арнайы комиссия құрылып, тексеру жүріп жатыр.

"Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС еңбек инспекциясы басқармасына жұмысшының қазасы туралы хабарлама берген. Ұсақтаушы А.Нұрғалиевке шахта кені құлап, мерт болған", - дейді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасы.
Мұндай жағдайларда Еңбек кодексінің 188-бабының 4-тармағына сәйкес жұмыс берушінің және қызметкер өкілінің қатысуымен мемлекеттік еңбек инспекторы төрағалық етуімен арнайы тергеу жүргізіледі. Айтуларынша, тергеу шамамен 20 қазанда аяқталады.