Жамбыл облысында тау жынысы опырылып түсті – бір адам жоғалып кетті

Sputnik
АСТАНА, 19 қыркүйек – Sputnik. "Алтыналмас АК" компаниясына қарасты аймақта тау жынысы опырылып түсті. Құтқару жасағы бір қызметкерді іздеуге кірісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Компанияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, төтенше жағдай 18 қыркүйекте Жамбыл облысындағы тау-кен байыту кешенінде болған. Оқиға орнына шұғыл апаттық-құтқару жасағы жіберілді. Олар іздеу-құтқару операциясына кірісіп кетті.
"Тау жыныстарының қозғалысы мен күрделі географиялық жағдайларға байланысты опырылу аймағына кіру қиынға соғып тұр. Компанияда жазатайым оқиғаны тергеу жұмыстары басталды, опырылып түскен тау жынысының астында қалған қызметкерді табу мақсатында барлық күш-жігерімізді салып жатырмыз", - делінген ресми хабарламада.
Осы оқиғадан кейін бірден жұмыс тобы құрылды. Арнайы комиссия жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтайтын болады.