Захарова Ресей құндылықтарын құптайтын елдер тізімі бекітілетініне үміт білдірді

Тамыз айында Ресей президенті Владимир Путин "Ресейдің дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарын құптайтын адамдарға гуманитарлық қолдау көрсету туралы" жарлыққа қол қойды
Sputnik
АСТАНА, 19 қыркүйек – Sputnik. Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова азаматтары Ресейдің дәстүрлі құндылықтарын құптайтын елдердің тізімі жақын арада бекітілетініне үміт білдірді, деп хабарлайды РИА Новости.

"Назарларыңызды осы жылдың 19 тамызында қабылданған "Ресейдің дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарын құптайтын адамдарға гуманитарлық қолдау көрсету туралы" президент жарлығына аударғым келеді. Жақын арада тиісті елдердің тізімі бекітіледі деп үміттенемін", - деді Захарова төртінші Еуразиялық әйелдер форумы аясындағы сессия барысында.

Тамыз айында Ресей президенті Владимир Путин "Ресейдің дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарын құптайтын адамдарға гуманитарлық қолдау көрсету туралы" жарлыққа қол қойды. Ол сыртқы істер министрлігіне дәстүрлі ресейлік құндылықтарға қайшы келетін неолибералдық құндылықтарды таңу саясатын жүргізетін елдердің тізімін анықтауды тапсырды.
Өз елдерінің саясатын қабылдамау салдарынан Ресейге келген шетелдіктер орыс тілін білуін растамай-ақ уақытша тұру құқығына ие болады, делінген құқықтық актілер ресми жарияланатын сайттағы президент жарлығында.
18-20 қыркүйек аралығында Санкт-Петербургте әйелдердің Еуразиялық форумы өтіп жатыр. Бұл халықаралық ынтымақтастықтың, тұрақты экономикалық дамудың, жаңа технологияларды дамытудың, салауатты өмір салтын және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, сондай-ақ әлеуметтік қайырымдылық жобаларын ілгерілетудің өзекті мәселелері талқыланатын барлық континенттегі көшбасшы әйелдер арасындағы халықаралық диалог алаңы.