Қазақстанда мопедті тіркеу міндеттеледі: жаңа заң тағы 80 мың адамға әсер етеді

Парламенттің жоғарғы палатасы да мопед айдайтындарға қатысты Қазақстанның Қылмыстық кодексіне түзетулерді екі оқылымда қабылдады
Sputnik
АСТАНА, 19 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда мопедті міндетті мемлекеттік тіркеу енгізіліп жатыр – бұл туралы бүгін Қазақстан парламенті сенатының отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жол қозғалысы туралы заңның қолданыстағы нормасына сәйкес, максималды конструкторлық жылдамдығы сағатына елу шақырымнан асатын мопедтер тіркелуге тиіс, деді сенатор Евгений Больгерт.
"Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, қозғалтқыш көлемі елу текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышы бар және оның ең жоғарғы конструкторлық жылдамдығы сағатына елу шақырымнан аспайтын барлық мопед тіркеледі", - деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ мопедті басқару құқығы "А1" кіші санатындағы жүргізуші куәлігімен расталады, ал "А" және "В" санаттарының болуы мопедті басқару құқығын растауды талап етеді деген норма қарастырылып жатыр.
Еліміздің ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха оқыту мен жүргізуші куәлігін алудың маңыздылығын айтты және ол мопедтердің қатысуымен болған апаттар туралы қайғылы статистиканы келтірді.
"Өткен жылдың 12 айында мопедтердің қатысуымен 750 жол апаты орын алып, 39 адам қаза тауып, 730 адам жарақат алған. Осы жылдың басынан бері 962 жол апаты болып, оның салдарынан 48-і қаза тапты, 1024-і жарақат алды", - деді Лепеха.
Сергек камералары мопедтерді анықтай алмайды, өйткені олардың тіркеу нөмірі жоқ.
"Осыны пайдаланып, мопед айдағандар жол қозғалысы ережелерін дөрекі түрде, кейде әдейі бұзады. Бүгінгі таңда біздің мәлімет бойынша мопедтер саны өсуде", - дейді ІІМ басшысының орынбасары.
Енді мопед жүргізушілер толыққанды жол қозғалысына қатысушылар, сәйкесінше олар тіркеліп, оқудан өтуі керек.
Заң жарияланған сәттен бастап мопед жүргізушілеріне жүргізуші куәлігін алу үшін 6 ай уақыт беріледі, деді Лепеха.
"Қазақстан Республикасының көлік құралдарының жекелеген түрлерінің қозғалысын ұйымдастыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы президентке қол қоюға жіберілді.