Атырау облысындағы жолдарды қалпына келтіруге 5,9 млрд теңге бөлінді

Су тасқыны 11 жол учаскесін, бес учаскеде су өткізгіш құбырларды зақымдады
Sputnik
АСТАНА, 19 қыркүйек – Sputnik. Атырау облысындағы 8 жол учаскесін салуға және жөндеуге үкімет резервінен қаржы бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Құжатта су тасқыны салдарынан зақымданған жолдарды қалпына келтіруге Атырау облысының бюджетіне аудару үшін үкіметтің төтенше резервінен ҚР Көлік министрлігіне шамамен 5,9 млрд теңге бөлу қарастырылған.
Аталған қаражаттың 4,6 млрд теңгесі облыстық маңызы бар автожолдардың жеті учаскесін, оның ішінде, "Индер – Қарабау – Сағыз", Қарабау кентіне кірме жолдар, "Сарытоғай – Махамбет", "Атырау – Индер", сондай-ақ Құлсары қаласындағы жаяу жүргіншілер жолын қалпына келтіруге бағытталады.
Су тасқыны салдарынан зардап шеккен "Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз" автожолындағы көпір мен су өткізу құбырлардың құрылысына шамамен 1,3 млрд теңге бөлінеді.
Айта кетері, су тасқыны 11 жол учаскесінде елеулі зардап әкеліп, бес учаскеде су өткізгіш құбырларға зақым келтірді.