Тамызда жылдық инфляция 8 өңірде баяулады

Жылдық инфляцияның ең жоғарғы мәні Астана қаласында және Маңғыстау облысында тіркелді
Sputnik
АСТАНА, 18 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда тамызда жылдық инфляция шілдемен (8,6%) салыстырғанда баяулап, 8,4%-ды құрады, деп хабарлады Ұлттық банк.
Жылдық инфляция 8 өңірде баяулады, 8 өңірде қарқын алып, 4 өңірде өзгеріссіз қалды.
Жылдық инфляцияның ең жоғарғы мәні Астана қаласында және Маңғыстау облысында тіркелді.
"Тамызда азық-түлік тауарларының бағасы бұрынғы 5,5% деңгейінде қалды (шілдеде – 5,5%). Осы топтағы тауарлардың бағасы Алматы қаласында (8,3%) – максималды, ал Түркістан облысында (3,0%) минималды өсімді көрсетті", - деп жазылған хабарламада.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны 7,7%-ға дейін жеделдеді (шілдеде – 7,3%). Ең жоғарғы мән Маңғыстау облысында (13,0%), ең төменгі мән Алматы облысында (5,4%) тіркелді.
Тамызда ақылы көрсетілетін қызмет бағасы 13,6%-ға дейін төмендеді (шілдеде –14,5%).
Сонымен қатар Павлодар облысында (18,9%) баға жалпы республикалық деңгейден біршама жоғары, Алматы облысында (7,7%) айтарлықтай төмен өсім көрсетті.
Тамызда ел көлемінде айлық инфляция 0,6% болды. Бұл – тарихи орташа мәнінен жоғары (2017-2021 жылдардағы тамызда – 0,2%).