Республикалық референдум туралы заңнаманы бұзған 4 адамға айыппұл салынды

Олар атом электр станциясының құрылысы бойынша қоғамдық пікірге сауалнама жүргізген
Sputnik
АСТАНА, 19 қыркүйек – Sputnik. Республикалық референдум туралы заңнаманы бұзғаны үшін 4 адам жауаптылыққа тартылды, деп хабарлады Бас прокуратура.
"Алматы қаласының прокуратурасы жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы сайлау заңнамасының талаптарын сақтамай, атом электр станциясының құрылысы бойынша қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу фактілерін анықтады", - деп жазылған хабарламада.
Нәтижесінде 4 құқық бұзушы әкімшілік жауаптылыққа тартылып, айыппұл арқалады.
Қала прокуратурасы қоғамдық пiкiрге сауалнама жүргiзу тәртiбi "Республикалық референдум туралы" және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңдарымен реттелетінiн ескертті.
АЭС салу бойынша референдум 6 қазанда өтеді - президент жарлыққа қол қойды