АЛМАТЫ, 18 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысында 4 мемлекеттің әскерилері оқу-жаттығу өткізеді, деп хабарлайды қорғаныс министрлігі.
26 қыркүйек пен 7 қазан аралығында Алматы облысының "Жағалау" оқу полигоны базасында ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерінің "Мызғымас бауырластық-2024" командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді.
"Оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтау мақсатында оқу-жаттығу өтетін жерге 18 қыркүйектен бастап Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның әскери контингенттері аралас тәсілмен келе бастайды. Әскери қызметшілер Алматы және Жетісу облыстарының аумағымен темір жол және автомобиль көліктерімен қозғалады", - деп хабарлайды ведомство.
Осыған байланысты, азаматтар мен БАҚ өкілдерінен әлеуметтік желілерде таратылатын қауесеттерге мән бермей, тек ресми ақпарат көздеріне сенуін сұраймыз, дейді министрлік.