АЛМАТЫ, 18 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан БҰҰ электронды үкімет бойынша әлемдік рейтингінде 24-орынға ие болды, деп хабарлады Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
Қазақстан биыл UN E-Government Survey есебіне сәйкес, электронды үкіметті дамыту бойынша әлемдік рейтингте 24-орынға көтеріліп, өз позициясын 4 сатыға жақсартты.
БҰҰ-ға мүше жылдардағы ең үздік көрсеткіш
Айта кету керек, бұл Қазақстанның БҰҰ рейтингіне қатысу тарихындағы ең үздік көрсеткіштердің бірі, дейді министрлік.
"БҰҰ рейтингі екі жылда бір рет жасалады және ол 193 елді бағалап, электронды қызметтердің дамуы, адам капиталы мен телекоммуникациялық инфрақұрылым сияқты негізгі аспектілерді ескереді. Бұл жетістік — бірлескен жұмыстың нәтижесі және біз өз қызметтерімізді әрбір қазақстандық үшін қолжетімді, қауіпсіз және инновациялық ету үшін жұмысты жалғастыра береміз!", - дейді цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Қазақстан өте жоғары EGDI көрсеткіші бар елдер тобына кірді. Ол 24-орынды иеленіп, Израильден кейінгі орынды алды және электронды үкіметті дамыту индексі (EGDI) өте жоғары елдер қатарына кірді. Биылғы жылдың рейтингінде Қазақстаннан кейінгі орындарда: Уругвай (25-орын), Швейцария (26), Түркия (27), Франция (34), Қытай (35), Канада (47) орналасқан. 2024 жылғы рейтинг 2022-2023 жылдары жиналған деректерге негізделіп, БҰҰ-ның 193 мүше мемлекетін бағалайды.
ТОП-10: онлайн-қызметтер бойынша үздік ондықта
"Қазақстан онлайн-қызметтер индексі (OSI) бойынша 10-орынға ие болып, әлемдік рейтинг көшбасшылары – Оңтүстік Корея, Дания және Эстониямен қатар тұр. Сондай-ақ Қытай, Германия және Австралия сияқты елдерден озып, осы саладағы алдыңғы қатарлы елдер қатарына кірді", - дейді ведомство.
ТМД елдері арасында көшбасшы
Қазақстан ТМД елдері арасында көшбасшылығын жалғастырып, Ресей Федерациясынан (43-орын), Армениядан (48-орын), Өзбекстаннан (63-орын) және Әзербайжаннан (74-орын) озып тұр.
Қазақстан теңізге шыға алмайтын елдер арасында 0.9009 EGDI индексімен 1-орынға ие. Одан кейін Моңғолия, Армения және Өзбекстан келеді.
Телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуда 23-ші орынға көтерілді
Қазақстан телекоммуникациялық инфрақұрылым индексі (TII) бойынша өз позициясын 23 орынға жақсартып, 41-орынды иеленді.
Есепте сондай-ақ Қазақстан цифрлық инфрақұрылымға белсенді түрде инвестиция салып, жасанды интеллект, блокчейн және заттар интернеті (IoT) сияқты озық технологияларды енгізу арқылы цифрлық трансформация саласында айтарлықтай ілгеріледі.