Орталық Азия елдеріне 2,5 млн тонна астық экспортталды

Қыркүйек айында 12 күннің ішінде 132 мың тонна жөнелтілді, бұл 2023 жылғы қыркүйектегі көрсеткіштен 2,5 есе көп
Sputnik
АСТАНА, 18 қыркүйек – Sputnik. Осы жылдың сегіз айында Орталық Азия елдеріне 2,5 млн тонна астық экспортталды. Бұл туралы Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен күзгі дала жұмыстары жөніндегі жедел штабтың отырысында айтылды.
Оның 1,8 млн тоннасы Өзбекстанға, 600 мың тонна Тәжікстанға, 100 мың тонна Түрікменстан мен Қырғызстанға жөнелтілген.
"Қыркүйек айында 12 күннің ішінде Орталық Азия елдеріне 132 мың тонна жөнелтілді, бұл 2023 жылғы қыркүйектегі көрсеткіштен 2,5 есе көп. Айдың соңына дейін астықты жөнелту көлемі шамамен 250 мың тоннаны құрайды", — деп атап өтті "ҚТЖ" ҰК" АҚ басқарушы директоры Бауыржан Орынбасаров.
Қытайға астық экспорты 2024 жылдың 8 айында 1,1 млн тоннаны құрады. Бұрынғысынша негізгі көлем контейнерлермен тасымалданады – 666,4 мың тонна. Бірақ биыл астықты қаптарға салып, жабық вагондармен тасымалдау көлемі екі есе өсті – 229 мың тонна. Астық таситын көліктерде тасымалдау көлемі өткен жылдың деңгейінде қалды – 247,5 мың тонна (өткен жылға 96%).
2024 жылдың 8 айында Қытайға ұнтақталған астық өнімдерін жеткізу 70%-ға өсті – 494,1 мың тонна (2023 жылы 290,3 мың тонна). Ұнтақталған өнімдерді тасымалдау негізінен контейнерлер арқылы жүзеге асырылады.
16 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда 7,4 мың га алқап (44%) жиналды, орташа өнімділік гектарына 14,6 центнерді құрайды, 10,8 млн тонна астық бастырылды. Элеваторларға 1,5 млн тонна астық түсті.