"Мені өлтіріп жатыр": жәбірленушіге көмектеспеген төтенше жағдай қызметкері сотталды

Сотталушының кінәсі толық дәлелденді, ол өз кінәсін мойындады
Sputnik
АЛМАТЫ, 18 қыркүйек – Sputnik. Ақтөбе облысында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері көмек сұраған адамның өтінішін елеусіз қалдырған. Салдарынан жәбірленуші көз жұмған. Департамент қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады Ақтөбе облыстық соты.
"Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс жағдайлары басқармасының жедел кезекшісінің көмекшісі биыл 9 маусымда тәулік бойы кезекшілікте болған. Сол күні шамамен сағат 12.18-де жәбірленуші "112" нөміріне қоңырау шалып, "Мені өлтіріп жатыр" деп шағымданған", - деп жазылған хабарламада.
Бірақ құтқарушы қызметкер мемлекеттік функцияларды орындауға міндетті бола тұра, хабарламаны елемей, ішкі істер органдарының жасақтарына хабарламай, өз міндетіне салғырттықпен қараған. Салдарынан көмек сұраған жәбірленуші қайтыс болған.
Қылмыстық іс Ақтөбе қаласының №2 сотында Қылмыстық кодексінің 371-бабының 2-бөлігі "Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық жасады" деген айыппен қаралды.
Жәбірленуші тарап сотталушыдан 300 000 теңге көлеміндегі материалдық және 5 000 000 теңге көлеміндегі моральдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап-арыз түсірген.
Сотталушының кінәсі толық дәлелденді, ол өз кінәсін мойындады.
Прокурор сотталушыға белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын белгілеуді сұрады.
Кінәлі адамның жас балалары болғандықтан және шын ниетпен өкінгендіктен сот жазасын жеңілдетті. Бірақ берген сертін немесе кәсiби антын бұзып, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жазасы ауырлады.
"Сот оған мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет ету құқығынан 3 жылға айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал "Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаменті" РММ басшысына тиісті шара қолдану үшін жеке қаулы шығарылды", - дейді ведомство.
Соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.