"Блогерміз деп жұмыс істетпейді": автобус паркі неге жүргізуші таппай қиналып жүр

Sputnik
АЛМАТЫ, 18 қыркүйек - Sputnik. Алматыдағы автобус паркінің мамандары қоғамдық көлік жүргізушілерінің жұмысы тым қиындап кеткенін айтты. Сол себепті де жолаушы тасып жұмыс істегісі келетін адамдарды табу оңайға соқпай тұр. Автобус жүргізушілерінің мәселесін Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.

Автобусқа жүргізуші таппай қиналамыз

Алматыдағы автобус паркінің басшылары автобусқа жүргізуші таппай қиналатындарын айтады.
"Д категориясы бар жүргізуші табу өте қиындап кетті. Өйткені бұл жұмысқа жастар келмейді, келетіндер сол 48 жастан жоғары кісілер, зейнеткерлер жұмыс сұрап келеді. Оларды жұмысқа алу оңай шаруа емес, өйткені денсаулықтары жарамай жатады. Ал бұл халықты таситын болғандықтан тәуекелге бара алмаймыз", - дейді Қаскелең автобус паркінің басшылығы.

Бір автобустың үстінен күніне кем дегенде 10 шағым түседі

Қаскелең автобус паркінде 47 автобус бар. Соның біреуі ғана күніне 700-ге жуық адам тасиды екен. Сол 700-дің жоқ дегенде күніне 10-шақтысы жүргізушіге наразылық білдіріп, кейбірі қоқан-лоққы көрсетеді, дейді мекеме басшылығы.
"Жүргізушіге тиіскеннен бөлек, біздің өзімізге хабарласып күнде бірнеше шағым жасайды. Ең көп шағым автобус уақтылы келмеді дейді. Біздің автобустардың барлығы Алматы – Бішкек жолы арқылы жүреді. Көлік кептелісі өте көп. Онымен қоймай бұл жолда жол апаты да жиі болады, тар, екі көлік әрең сияды жолға. Өзіңіз ойлаңызшы осындай қауырт жағдайда автобус қалай тез жүру керек. Бұл біздің автопарктің ғана емес, Алматы мен қаланың маңындағы барлық біз сияқты мекемелердің жанайқайы", - дейді мамандар.
Әрбір түскен шағымды жіті тексеріп, шағымданушыға арнайы хат та жолданады. Орынсыз кінә артқанның кейбірі кешірім сұраса, кейбірі одан ары шулатып кетеді, дейді автпарк мамандары.
Қолына белгісіз құжат алып алып, ұялы телефонға түсіріп жүргізушінің желкесінде тұратын блогерлер қаншама. Жолаушыны әкетіп бара жатқан жүргізушіге қаншама стресс, дейді басшылар.
"Ол блогер ме, жоқ басқа адам ба білмейміз ғой. Қазір қолында гаджеті бар адамның бәрі блогер боп кеткен. Халық та ашушаң болып барады. Бізде бір жағдай болды, автобус аялдамаға тоқтамады деп бір блогер әбден шулатты. Тіпті полицияға автобус жүргізуші қолымды сындырды деп арыз жазған. Полиция келіп қайта-қайта тексеріп, жүргізуші жұмысқа шықпай, біраз уақыт әбден мезі болдық. Бір сөзбен айтқанда жұмыс істеуге мұршамызды келтірмеді. Салдарынан қаншама халық діттеген жеріне жете алмай аялдамада тұрды. Сенесіз бе, сол блогер жүргізушіден ақша талап етіп алды. Бірақ ақыры жүргізушінің еш кінәсі болмағаны дәлелденді", - дейді Қаскелең автобус паркі жолаушылар тасымалы жөніндегі менеджер Диляра Амантаева.

Жүргізушіге артылатын жүк көп, оны түсінетіндер аз

Автобусты ластап кеткенімен қоймай, ішіндегі желдеткіштерін сындырып, кей затын ұрлап кететіндер бар дейді, Диляра Амантаева.
"Әрбір автобустың ішіндегі жағдай: кім төледі, кім төлемеді, барлығы бейнекамераға түсіп тұрады, онымен қоса дыбыс жазбасы бар. Біз соның арқасында жүргізушінің кінәсі бар ма, жоқ па көріп отырамыз. Негізі күнделікті кешке видео, аудио жазбалардың бәрі тексеріледі. Әрбір автобустың нақты уақыты белгіленген, ол уақыттың барлығы үнемі бақылауда. Егер автобус кешігіп жатса демек көлік кептелісі немесе басқа жағдай болды деген сөз", - дейді жолаушылар тасымалы менеджері.

Оқушы біткенді тегін тасумен келеміз

"Жалпы жыл көлемінде автобуспен жүретін оқушылардың басым бөлігін тегін тасимыз. Өйткені түсіріп тастағымыз келмейді. Ата-аналардың көпшілігі балаға оңай картасын жасап бермейді. Ал қолында қолма-қол ақшасы тұрған оқушы қарны ашып кетіп құртып қоюы мүмкін ақшасын, ол бала ғой. Мейлі тегін жүрсін дейік, бірақ бір баланың салмағы 25-30 кг болады. Күніне қаншама оқушы отырады. Бұның барлығы автобустың жүк көтеру мүмкіндігіне кері әсер етеді. Сәйкесінше біртіндеп автобустар істен шығады, ал оны жөндеуге қаражат таппай қаламыз. Жалпы егер автобуста контролер маманы болмаса қалалық автобустардың төлемақысы ең көп дегенде небәрі 40% қана төленетін еді", - дейді Диляра Амантаева.
Автобус паркінің мамандары мыңдаған жолаушыны тасып жүрген жүргізушілерге халық құрметпен қараса деп бұйымтай айтты. Олардың айтуынша, өкінішке орай біздің қоғамдық көлікте жүру мәденитіміз әлі де қалыптаспай келеді.