Әлемде қай елдің тұрғындары ең көп жалақы алады: Қазақстан 67-ші орында тұр

ТМД елдерінің арасында Армения мен Молдовадағы еңбекақы мөлшері Қазақстанға қарағанда жоғары
Sputnik
АСТАНА, 18 қыркүйек – Sputnik. Numbeo дерегінше Қазақстан жалақы мөлшері бойынша әлемдік рейтингте 96 елдің ішінде 67-ші орында тұр. Елдегі орташа айлық жалақы 582,4 АҚШ долларына жеткен, деп хабарлады Ranking.kz.
Әлемдегі ең жоғары жалақы Швейцарияда тіркелді: айына 7,2 мың доллар. Люксембург пен АҚШ екінші және үшінші орынды бөлісті: 5,8 мың доллар және 4,5 мың доллар.
Ал ең төменгі жалақы мына елдерде белгіленді: Кубада 37,6 доллар, Мысырда 146,5 доллар және Пәкістанда 180,9 доллар.
ТМД елдерінің арасында Армения мен Молдовадағы еңбекақы мөлшері Қазақстанға қарағанда жоғары: 608,1 доллар және 599,5 доллар. Ал Ресей (565,7 доллар), Беларусь (518,6), Әзербайжан (438,4), Өзбекстан (438) және Украина (394,2) елдеріндегі жалақы көлемі Қазақстанға қарағанда төмен.
Қарастырылып отырған әлемнің ірі қалаларының ішінде Алматыда орташа жалақы көлемі 678,5, Астанада 584,5 долларды құрады. 335 қаланың ішінен Алматы 238-ші, ал Астана 252-ші орынға ие болды.
Алматы ТМД елдері қалаларының арасында үшінші орында тұр. Бұл рейтингте Мәскеу (1,3 мың доллар) мен Санкт-Петербург (854,5 доллар) көш бастады. ТМД елдері қалаларының арасында ең төменгі жалақы көрсеткіші Бішкекте (352,6 доллар), Харьковта (358,5 доллар) және Одессада (395,5 доллар) тіркелді.
Қазақстан Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес биылғы жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 403,3 мың теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,3%-ға көп. Сатып алу қабілетінің нақты өсімі 1,7%-ға артты.
Жеке салалар бойынша ең жоғары жалақыны қаржы және сақтандыру саласының қызметкерлері алады: 878,7 мың теңге, өткен жылмен салыстырғанда 23,3%-ға көбірек. Екінші және үшінші орынға тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласы (797,6 мың тг), сондай-ақ ақпарат және байланыс секторы (661,3 мың тг) орналасты.
Ең төменгі жалақыны ауыл шаруашылығы (251,3 мың теңге), өнер, ойын-сауық және демалыс (260,9 мың теңге) сияқты сала қызметкерлері алады.
Ал өңірлер бойынша ең жоғары орташа айлық жалақы Атырау облысында тіркелді: 594,4 мың теңге. Сондай-ақ жетекші өңірлердің үштігіне Маңғыстау (579,8 мың тг) және Ұлытау (523 мың тг) облыстары да кірді. Ең төменгі жалақы Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді: 297,3 мың теңге.