АСТАНА, 18 қыркүйек – Sputnik. Биылғы қаңтар-шілде айларында Қазақстанда 20 жатақхана пайдалануға берілді. Өткен жылдың осы кезеңінде 22 жатақхана тапсырылған, деп хабарлады Energyprom.kz.
Барлық жатақхананың жартысы, яғни 10 ғимарат жұмысшылар мен мигранттарға арналған. 8 жатақхана тікелей студенттер үшін салынды. Бір жатақхана мектеп-интернатқа берілсе, тағы бірі отбасылық үлгідегі жатақхана қызметін атқарады.
Жатақханалар еліміздегі 20 өңірдің 11-інде ғана пайдалануға берілді. Ақмола және Атырау облыстарында, сондай-ақ Шымкентте үш жатақханадан салынды.
Жатақхана құрылысының нақты құнына келсек, осы жылдың жеті айында жұмсалған қаржы 10,4 млрд теңгеге жетіп, бір жылмен салыстырғанда 22,9 пайызға артқан.
Пайдалануға берілген жатақханалардың жалпы аумағы 42,5 мың шаршы метр болды. Бұл өткен жылдың қаңтар-шілде айларымен салыстырғанда 12,7%-ға артық.