АСТАНА, 17 қыркүйек – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің кездесуінде қауіпсіздік және "жасыл" энергияға көшу, су ресурстарын сақтау мәселелерін көтерді, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев климат өзгеруінің салдарымен күресу, экологияны жақсарту, су-энергетика саласының тиімділігін арттыру мәселесінде Германия ұзақ жылдар бойы Орталық Азия елдерінің сенімді серіктесі болып келе жатқанын айтты.
"Қазақстан қазір Халықаралық Аралды қорғау қорына төрағалық етіп отыр. Осы ретте Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы мен Орталық Азияның орнықты дамуы үшін қоршаған ортаны қорғаудың өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру аясында серіктестікті жандандыруды ұсынады. Біздің пікірімізше, Қордың қызметі өңірдегі орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етеді. Орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құру жөніндегі бастама өте өзекті. Бұл бастаманы бүгінгі кездесуге қатысушылардың бәрі қолдайды деп ойлаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ғылым-білім саласындағы байланыстың дамуын маңызды міндет ретінде атап өтті. Қазақстан президенті Германияның ғылым-білім қауымдастығын жасанды интеллект, цифрландыру және "жасыл" технология сияқты перспективті бағыттарда ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.
Сонымен қатар халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға баса мән берілді
Қасым-Жомарт Тоқаев күрделі геосаяси жағдайда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері көпжақты ынтымақтастықтың бір бөлігі ретінде ұдайы назарда болатынын атап өтті.
"Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау үдерісіне де белсене атсалысуға дайын. Бірқатар дамыған мемлекет, соның ішінде Германия БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерінің қатарында болуға әбден лайық. Орайлы сәтті пайдалана отырып, 2027-2028 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ұсынған Қырғыз Республикасына табыс тілеймін. Қырғызстан Орталық Азияда және одан тысқары жерлерде тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қоса алатынына сенімдімін", – деді Қазақстан президенті.
Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды.