Кәсіпкерлерден ұлының оқуын төлеуді талап еткен шенеунік сотталды

Ол сұйытылған газды алу құқығын шектеу арқылы бизнес субъектілеріне 26,9 млн теңге залал келтірген
Sputnik
АСТАНА, 17 қыркүйек – Sputnik. Қызылорда облысында кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сілтеме жасап.
Дінмұхамед Әбсаттаров кәсіпкерлерден ұлының оқуына қажет 1,4 млн теңгені ғана емес, құны 6,8 млн теңге тұратын дизель отынын талап еткен. Осылайша, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.
Бұдан бөлек, шенеунік өңір кәсіпорындарының сұйытылған газдың тиісті көлемін алу құқығын шектеу арқылы бизнес субъектілеріне 26,9 млн теңге сомасында залал келтіріп, заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі жасаған. Сол үшін тағы бір баппен жауапқа тартылды.
Сот үкімімен Әбсаттаров 9 айға бас бостандығынан айырылды. Оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге тыйым салынды. Ал "Ерен еңбегі үшін" мемлекеттік наградасы кері қайтарылуы шарт.
Алматы облысында кәсіпкерден пара алған судья сотталды