Бектенов президент атынан Паралимпиада жүлдегерлеріне мемлекеттік награда табыс етті

Биыл Қазақстанның паралимпиада құрамасы тоғыз медаль жеңіп алып, тарихи рекорд орнатты
Sputnik
АСТАНА, 16 қыркүйек – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов XVII Жазғы паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жаттықтырушылар құрамына президенттің атынан мемлекеттік наградаларды табыс етті, деп хабарлады үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Үкімет басшысы спортшыларды жоғары жетістіктерімен құттықтады. Биыл Қазақстанның паралимпиада құрамасы тоғыз медаль жеңіп алып, тарихи рекорд орнатты, атап айтқанда, 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль алды.
"Жыл өткен сайын ерекше жандардың спортқа қатысуы артып келе жатқаны бізді қуантады. Бүгінде елімізде ерекше қажеттіліктері бар 56 мыңнан астам қазақстандық дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады. Сіздердің әрқайсыларыңыздың көрсеткен үлгілеріңіз көптеген адамды біздің паралимпиадашылар қатарына қосылуға ынталы ететініне сенімдімін. Үкімет спортшыларға қолайлы жағдай жасап, қолдау көрсету жұмыстарын күшейтуде", — деп атап өтті премьер-министр.
Спортшыларды Паралимпиадаға дайындауда маңызды рөл атқарған жаттықтырушылар мен тәлімгерлерге ерекше алғыс сөздер айтылды.
Өз кезегінде паралимпиада спортшылары жарыс кезінде қолдау көрсеткені үшін Қазақстан халқына алғысын білдірді.
"Бүгін ІІІ дәрежелі Барыс орденімен марапатталдым, өте қуаныштымын. Біз Паралимпиада ойындарында әлемнің ең мықты спортшыларымен күш сынасып, Отанымызға пара дзюдодан тарихи алтынмен оралғаныма қуаншыштымын. Мемлекет тарапынан пара спортшыларға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі біздің жетістігіміз мүмкіндігі шектеулі жандарды жігерлендірді деп ойлаймын", — деді пара дзюдодан алтын медаль иегері Ақмарал Науатбек.