Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін қандай жаза қарастырылған

Sputnik
АСТАНА, 13 қыркүйек – Sputnik. Бүгінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде сан алуан ақпараттар тарап жатады. Соның ішінде фейк жаңалықтар да бар. Қазақстандықтар оны білмей, достарына, көршілер чатына, я болмаса, туыстарына жіберіп отырады. Ал заң бойынша жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік, тіпті, қылмыстық жауапкершілік бар. Sputnik Қазақстан заңның негізгі нормаларын ұсынады.

Айыппұл қай кезде салынады

Бүгінде Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде 456-2-бабы (Жалған ақпарат орналастыру, тарату) бар. Оған сәйкес, әлеуметтік желіде қоғамдық тәртіптің, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуына жағдай жасайтын жалған ақпаратты таратқаны үшін айыппұл қарастырылған.
• жеке тұлғаларға – 20 АЕК (73 840 теңге);
• лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (110 760 теңге);
• орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК (184 600 теңге);
• ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (369 200 теңге).
Осы әрекеттерде қылмыстық іс-әрекет болмаса және бір жылдың ішінде қайталанған жағдайда айыппұлдың көлемі екі есеге өседі. Сосын сот 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға шешім шығара алады.
Айта кетері, осы әкімшілік жазаны енгізгеніне бір жыл болды. Осы уақыттың ішінде 77 әкімшілік іс қозғалды. Соның ішінде екі блогер жауапқа тартылды. Жалпы жеті айда барлығы 2,8 млн теңге айыппұл өндірілді.

Қылмыстық жаза қандай жағдайда қолданылады

Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін ірі айыппұлдан 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейін жаза қолданылуы мүмкін. Оны қылмыстық ауырлығына қарай анықтайды.
Жазаның түрлері:
• 1000 АЕК-ке дейінгі айыппұл (3 692 000 теңге);
• түзеу жұмыстары;
• 400 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар;
• 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу;
• 1 жылға бас бостандығынан айыру.
Судья істің барлық мән-жайын ескеріп, жазаның біреуін тағайындайды. Ал осы қылмыс адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, қызмет бабын пайдаланумен, я болмаса, телекоммуникация желілері және онлайн-платформалар арқылы жасалса, жазаның ауырлығы артады.
• 3000 АЕК-ке (11 076 000 теңгеге) дейінгі айыппұл;
• сол мөлшерде түзеу жұмыстары;
• 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар;
• 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу;
• 3 жылға бас бостандығынан айыру.
Жалпы, фейк үшін ең ауыр жаза үш жағдайда қолданылады. Олар:
• қылмыстық топ жасаса;
• төтенше жағдай кезінде;
• соғыс уақытында.
Ондай жағдайда жалған ақпарат таратқан адамдар үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ал фейк тарататындарды құқық қорғау органдары анықтайды. Қазіргі кезде полицейлер әлеуметтік желілер мен интернетке шығатын ақпаратқа үнемі мониторинг жасап отырады.