Қазақстан алғаш рет Бейжіңдегі Халықаралық қызмет саудасы көрмесіне қатысты

16 қыркүйекке дейін жалғасатын CIFTIS көрмесі 85-тен астам ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін жинады, олардың арасында Қазақстан алғаш рет қатысып отыр
Sputnik
АСТАНА, 14 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан Бейжіңде өтіп жатқан Халықаралық қызмет көрсету саудасы көрмесінде (CIFTIS) ұлттық стендті халық назарына ұсынды, деп хабарлады республиканың сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Көрме аясында өтіп жатқан қызмет көрсету саудасы жөніндегі жаһандық саммитке министр Арман Шаққалиев бастаған делегация қатысқаны айтылды.
"Саммитте халықаралық ынтымақтастық келешегі мен жаһандық экономикалық өсу мүмкіндіктері талқыланды. Дүниежүзілік сауда ұйымының мәліметтері бойынша, жаһандық қызметтер экспорты 2013 жылдан 2023 жылға дейін орташа жылдық қарқынмен 4,9%-ға өсті, бұл тауарлар экспортының өсу қарқынынан екі есе дерлік жоғары", - деп жазылған хабарламада.
Қытай өзінің сыртқы экономикалық стратегиясының негізгі аспектісі ретінде қызмет көрсету саудасын белсенді түрде дамытуда және 2023 жылы Қытайдың қызмет көрсету саласындағы сыртқы саудасының көлемі 933,1 млрд АҚШ долларын құрады.
16 қыркүйекке дейін жалғасатын CIFTIS көрмесі 85-тен астам ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін жинады, олардың арасында Қазақстан алғаш рет қатысып отыр. Көрме 12 негізгі саланы қамтиды, соның ішінде қаржылық қызметтер, туризм, денсаулық сақтау және білім беру бар.
"Қазақстан көрмеге алғаш рет ұлттық стендпен қатысып отыр. Соңғы жылдары біздің қызмет көрсету саласы экономиканы әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етіп, қарқынды өсім көрсетіп, жалпы ішкі өнімнің 53 пайызын құрап отыр", - деді көрменің ашылуында Арман Шаққалиев.
Қазақстандық стендте 15 компания, оның ішінде "Kazakh Invest" ҰК" АҚ, "Экспорт-кредит агенттігі" АҚ, "Эйр Астана" АҚ, "Азық-түлік корпорациясы" ҰК" АҚ, "Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы" КЕАҚ, сондай-ақ бірқатар жеке компания ұсынылған.