АСТАНА, 13 қыркүйек – Sputnik. Украина-Ресей және Палестина-Израиль қақтығыстарын шешудің жалғыз жолы – келіссөздер арқылы саяси реттеуге жәрдемдесу, деді жұма күні Қытай қорғаныс министрі Дун Цзюнь.
"Кез келген қақтығыстың ақырғы нүктесі – бейбіт шешім, келіссөз үстеліне неғұрлым тезірек отырып, сөйлесе бастаса, соғұрлым тезірек бейбітшілік орнайды және Украина дағдарысы мен Палестина-Израиль қақтығысы сияқты өзекті мәселелер шешіледі", - деді Дун Цзюнь Қауіпсіздік жөніндегі Сяншань форумының ашылуында.
Ол "жалғыз жол, негізгі жол – жан-жақты талқылау арқылы саяси реттеуге жәрдемдесу" деп толықтырды.
"Қазіргі уақытта әлемнің көптеген елі атысты және соғысты тоқтату бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр, бейбітшілікті сақтау қажеттігі туралы консенсус кеңейіп, татуласуға жәрдемдесу қарқыны артып келеді", - деді министр.
Ол барлық тарап бейбітшілік үшін бірігіп жұмыс істегенде, олар даулар мен қақтығыстардан бейбіт шешімге көшетінін атап өтті.