АСТАНА, 13 қыркүйек – Sputnik. Санкт-Петербургте өтіп жатқан Х Біріккен мәдениеттер форумы аясында Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ресейдің мәдениет министрі Ольга Любимованың кездесуі өтті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
“Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге дайындыққа қатысты келісімдерді талқылау кездесудің басты тақырыптарының бірі болды. Бұл туралы Мемлекет басшысы ІІІ Ұлттық Құрылтайда айтты. Мемлекет басшысы соғыс қаһармандарының естелігін сақтау және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыстың маңыздылығына тоқталып, дайындықты бастауды тапсырды”, - делінген хабарламада.
Министрлер “осы бағыттағы дәйекті жұмысты белгілегені” айтылды.
Сондай-ақ тараптар екі елдің театр мекемелері арасындағы ынтымақтастықты дамыту, бейнелеу өнері мен анимация саласындағы байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей жұртшылығының ұлттық кинематографияға деген қызығушылығының артып келе жатқанын айтты.
Кездесуге Ресей Федерациясы президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой да қатысты. Ол алдағы шараның – “Астана Опера” Қазақ ұлттық опера және балет театрының “Абай” операсы Ресейдің Үлкен театрында ұсынылатын гастрольдік сапарының маңыздылығына тоқталды.