АСТАНА, 13 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев қырғыз командасына қарсы ойында жекпе-жектің мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әлеуметтік желіде кешегі көкпар кезінде "қырғыздар теріс қарап тұрғанда төрешінің серкені қазақтың тақымына басып беріп отырды" деген әңгіме тарады. Бас бапкер де оны естіді. Ал бүгінгі баспасөз мәслихатында жекпе-жектің мәселесін түсіндірді. Оның айтуынша, қырғыздың жекпе-жек аттары ылғи серкеге теріс қарап тұрады. Ал бізде екі ат бір-біріне қарсы тұрып бастауы керек.
"Оған ешқандай мүмкіндік болмады. Мен өзім екінші кезеңде қатты бақылап тұрдым. Олардың аттары үнемі серкеге теріс қарап тұрады. Ал төреші қашанға дейін айта береді, бір-екі рет солай бастады. Тәртіпке көнбеген қырғыздың жекпе-жек спортшысын екі минутқа айып алаңына да отырғызды. Бірақ кейнгілерге олай жасамады. Негізі, айып беру керек еді. Ал, енді оларға жекпе-жекте қарама-қарсы тұрмай жатырсың деп, бәрін айып алаңына жібере берсең, тағы келіспей қалады. Маған жеткені, сол жекпе-жекте дұрыс жасамады деген әңгіме. Олар қарсы тұрмады, бәрі теріс қарап тұра береді. Оны бейнежазбадан да көрсеңіз болады", - дейді Манкеев.
Айта кетері, көкпаршыларымыз кешегі ойында қорғаушы Ұлан Байтөреевтың қарсыласын қамшымен не себепті ұрғанын да айтты.