Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мәресіне жетті

Sputnik
АСТАНА, 13 қыркүйек – Sputnik. Елордада ұйымдастырылған 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мәресіне жетті. 8-13 қыркүйек күндері өткен көшпенділер Олимпиадасына 90-ға жуық мемлекеттен 2500-ден астам спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салды.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мәресіне жетті
"Қазанат" ипподромының жанында бой көтерген "Көшпенділер әлемі" этноауылында өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанатына туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған қатысып, сөз сөйледі. Е.Мырзабосынов байрақты бәсеке ұлттық спортымызды ұлықтап, салт-дәстүрімізді дәріптеп, мәдени мұрамызды төрткүл дүниеге паш еткен бірегей оқиға ретінде тарихта қалғанын атап өтті.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мәресіне жетті
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қазақ топырағында ұйымдастырылған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – мәні терең, мазмұны бай бірегей жоба. Оның түркі әлемінің алтын бесігі – Қазақ жерінде жалауын желбіреткені – біз үшін зор мәртебе әрі шын мақтаныш. Ойындарда 30-дан астам елдің спортшылары медаль иеленді. Жүлде алған мемлекеттер қатарында мұхиттың арғы жағынан келген Канада мен Мексика спортшылары да бар. Дүбірлі додаға 90-ға жуық мемлекеттің қатысуы, 30-дан астам елдің жүлдегерлер қатарынан көрінуі – дүниежүзінде көшпенділер ойындарына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады. Келесі, 6-шы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын бауырлас мемлекет – Қырғыз Республикасы қабылдайды. Қырғыз елінің алдағы бәсекені жоғары деңгейде өткізуіне тілектеспін. Көшпенділер Олимпиадасының беделі биіктей берсін!", – деді Ербол Мырзабосынов.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мәресіне жетті
Жабылу салтанатының соңында ойындардың ресми нышаны саналған торсықты келесі ойындарды қабылдайтын Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовқа табыс етілді. Айта кетейік, ойындар елордадағы 7 спорт кешенінде, атап айтқанда, "Астана Арена" стадионы, "Қазанат" ипподромы, "Алау" мұз сарайы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, "Qazaqstan" жеңіл атлетикалық спорт кешені, "Думан" кешені және Ұлттық музейде өтті.