АЛМАТЫ, 13 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысы Қарасай ауданындағы Қаскелең көпірінен құлаған автобустың техникалық ақауы болмаған. Бұл туралы Қаскелең автобус паркінің мамандары Sputnik Қазақстан тілшісіне айтты.
Көпірден құлаған автобус 2018 жылы су жаңа күйде сатып алынған, яғни еш ақауы болмаған.
"Күнделікті жөндеу бригадасы тексеріп, бағдарға жіберіп отырады. Автобустың еш ақауы жоқ деп нақты айта аламыз", - дейді Қаскелең автобус паркінің басшылығы.
Ал 52 жастағы жүргізуші осыдан үш ай бұрын ғана жұмысқа кірген.
"Ол кісі үш баланың әкесі, бізге категориясы келіп тұр, тәжірибесі бар маман. Автобус жүргізген, Камаз жүргізген кісі. Біздің ойымызша жол апатына денсаулығы себеп болуы мүмкін. Өйткені ол кісіде қант диабеті болған екен. Содан болуы мүмкін деп отырмыз. Бізге жұмысқа тұрғанда ешбір есепте тұрмаған, денсаулығының еш ақауы жоқ екені туралы анықтама өткізген", - дейді мекеме басшылығы.
Үш айдың ішінде жүргізуші денсаулығына байланысты бір ай демалыста болған.
"Біздің осындағы дәрігер мамандарға арықтап бара жатқанын, суды көп ішетін айтып шағымданған екен. Содан емханада 2-категориялы қант диабеті деген диагноз қойыпты. Біз ауруханаға хабарласып жатып, есепке қойғанын бүгін білдік. Негізі қант диабетімен 5 тамызда есепке қойыпты, бірақ бізге жүргізуші ол туралы мүлдем айтпады. Егер жүргізуші ауырып тұрса, біз желіге шығармаймыз, бірақ олар ақшаны аз алып қалам деп, ауырғанын жасырады", - дейді автобус паркінің мамандары.
Жол апатына түскен автобус сол күні қосымша резервте болған. Желіде бұзылған автобустардың орнында жүрген.
"Ол күні тым қауырт жұмыс болған жоқ. Өйткені бұл автобус жүретін желіде басқа да автобустар болды, бұл жүргізуші резервте тұрған", - дейді мекеме заңгері.
Автобус паркінің басшылығы автобус жүргізушісі болып жастардың келмейтінін айтады. Ал керісінше жастары елуді алқымдаған, тіпті зейнет жасындағы кісілер жұмысқа өтініш айтып көп келеді екен. Енді автобус паркі жол апатынан қираған заттар мен минивен көлігіне келген зақымды өтегелі жатыр.
Ал жүргізуші жатқан аудандық аурухана науқастың жағдайы бір қалыпты ауыр дейді. Ол жансақтау бөлімінен травматология бөліміне ауыстырылған.