АСТАНА, 12 қыркүйек – Sputnik. Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми Біріккен Корольдік Украинаға қолдау көрсетуі үшін "100 жылдық серіктестік" орнатылатынын жариялады.
"Біз тек әскери қолдау туралы айтқан жоқпыз. Біз санкциялар туралы, гуманитарлық қажеттіліктер туралы, энергетика туралы егжей-тегжейлі сөйлестік. Күшті одақтар туралы және біздің міндеттемеміз туралы, Ұлыбританияның осы қыста ғана емес, 100 жылдық серіктестігі туралы кең ауқымды тақырыптар талқыланды, өйткені біз Украинаны ұзақ мерзімді келешекте қолдаймыз", - деді Лэмми АҚШ пен Украинадан келген әріптестерімен кездесуден кейін Киевте өткен баспасөз мәслихатында.
Министр Ұлыбритания премьер-министрі Кейр Стармерге Киевке Ресей аумағындағы нысаналарға соққы жасау үшін алыс қашықтықтағы зымырандарды қолдануға рұқсат беру туралы талқылаудың нәтижесін жеткізетінін айтты.
Лэмми сондай-ақ Ұлыбритания үкіметінің Украинаны қолдауға жыл соңына дейін 600 миллион фунт стерлинг бөлу, Киевке тағы жүздеген әуе қорғаныс зымыраны, он мыңдаған артиллериялық оқ-дәрі мен қосымша броньдалған көліктерді беру туралы мәлімдемесінің тезистерін айтты.
Мәскеу Украинаға қару-жарақ жеткізу жағдайды реттеуге кедергі келтіреді, НАТО елдерін қақтығысқа тікелей тартады деп санайды. Ресей бұған дейін Украинаға қару-жарақ жеткізілуіне байланысты НАТО елдеріне ескерту жіберген. Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Украинаға қару-жарақ жіберген кез келген жүк Ресей үшін заңды нысана болатынын айтты. Ресей Федерациясының сыртқы саясат ведомствосы НАТО елдері Украинаға қару-жарақ жеткізу арқылы "отпен ойнап отыр" деп мәлімдеді.