Солтүстікке қоныс аудару: 1 млрд теңгедан астам бюджет қаражаты жымқырылған

Sputnik
АЛМАТЫ, 12 қыркүйек – Sputnik. Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы бойынша 1 млрд теңгеден астам қаражат жымқырылған, деп хабарлайды Бас прокуратура.
Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы бойынша прокуратура органдары мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына талдау жүргізді.
"Жалған құжаттарды пайдалана отырып азаматтарды жалған қоныс аудару жолымен 1 млрд теңгеден астам қаражатты жымқыру және оны теріс пайдалану фактілері анықталды. Қоныс аударушылар болып жалған адамдар есепке алынған, ал құжаттар төмен бағамен сатып алынған көрінеу тұруға жарамсыз немесе апатты ғимараттарға рәсімделген", - дейді ведомство.
Кейбір азаматтар өздерінің құжат бойынша қоныс аударылғанын білмеген де. Мұндай фактілер ШҚО, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарында анықталды.
"Мысалы, Павлодар облысының Успен ауданында "Еңбек мобильділігі орталығы" КММ-нің қызметкері арзан үйлерді тауып, қоныс аударушыларға жоғары бағамен сатып, мемлекеттен алынған қаражаттың бір бөлігін өзіне қалдырып отырған. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, орталықтың қызметкері үйқамаққа алынды", - дейді прокуратура.
ШҚО-да қоныс аударушылар мен сатушылар сөз байласып, мемлекеттік көмекті алу үшін жалған шарттар жасап, одан кейін бұл қаражатты бөліскен. Одан әрі азаматтар бұрынғы мекенжайларында тұра берген.
"Солтүстік Қазақстан облысының Мәмлүт ауданында қоныс аударушы үйдің нақты бағасы мен мемлекеттен төленген қаражаттың арасындағы айырмашылықты иемденіп алған. Күдікті алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығынан шектеуге сотталды", - дейді Бас прокуратура.
Жалпы прокурорлар 20 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін бастады. Тергеу барысында қатысы бар барлық адамдарды анықтау, оларды жауапкершілікке тарту, сондай-ақ келтірілген залалды өтеу шаралары қабылдануда. Нормативтік актілердегі олқылықтарды жою және бағдарламаны іске асыруды бақылау жүйесін күшейту мақсатында Үкіметке қадағалау актісі енгізілді.